СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің жаңа бастығы тағайындалды
СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің жаңа бастығы тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Абай Қайырбеков Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жаңа бастығын таныстырды. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен Мұрат Нәкенов тағайындалды.
Мұрат Нәкенов 1974 жылы 14 шілдеде Көкшетау облысы Қызылту ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, ал 2003 жылы Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігі Академиясының заң институтын бітірген. Экономист-өндірісті ұйымдастырушы және заңгер мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысы ІІБ қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының бөлім бастығының кезекші көмекшісі қызметінен бастады. Сондай-ақ өзінің қызметін келесі лауазымдарда атқарды: күзет бөлімі бастығының кезекші көмекшісі, колония бастығының жалпы мәселелер, тәрбие жұмысы, режим және күзет жөніндегі орынбасары, СҚО бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінің бастығы, СҚО бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары. Соңғы атқарған қызметі Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары.
Іс-шараға полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, ардагерлер Кеңесінің төрағасы мен өкілдері, ведомстволық бағынысты мекемелердің басшылары мен департаменттің жеке құрамы қатысты.