Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО бойынша ҚАЖД-да 50-ден астам қызметкер марапатталды

СҚО бойынша ҚАЖД-да “Қазақстан полициясы күні“ қарсаңында 50-ден астам қызметкер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесімен «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» заң қабылданды. Бұл Қазақстан полициясының міндеттері мен функцияларын айқындаған Республика тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі алғашқы құқықтық акт болды. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым ресми түрде полиция күні болып бекітілді.

Мереке қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде салтанатты іс-шара өтті.

Қазақстан Республикасының Әнұранын орындағаннан кейін департамент бастығы Әділет Мустафинов құттықтау сөз сөйледі.

– Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әрқашан Қазақстан азаматтарының қалқаны мен қылышы болып, қорғауды қажет ететіндерге көмекке келуге дайын. Бұл күні біз жауынгерлік бекетте қаза болған әріптестерімізді және бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қиғандарын еске аламыз.

Құрметті ардагерлерімізге мамандыққа берілгендігі, жас мамандарды тәрбиелеуге, олардың бойында жоғары адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға көмектескені үшін ерекше ризашылығымды білдіремін, – деп атап өтті Әділет Хажетұлы.

Іс-шара барысында ҚР ІІМ Министрінің, ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасының және СҚО бойынша ҚАЖД басшылығының бұйрығымен 50-ден астам қызметкер, қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері және су тасқыны кезінде көмек пен қолдау көрсеткен басқа да органдардың өкілдері марапатталып, көтермеленді.

ҚР Ішкі істер Министрінің құқықтарымен бірқатар қызметкерлер «Кылмыстық-атқару жүйесіне қосқан үлесі үшін» медалімен, «Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі» төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге байланысты ерекше көзге түскен қызметкерлерге арнаулы атақтар мерзімінен бұрын берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру