Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 17 жыл бойы облыстық МАИ-ді басқарған Владимир Богдановичтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ғимаратында милиция полковнигі Владимир Павлович Богдановичке арналған мемориалдық тақтаны ашу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отыра, облыстық полиция басшылығының қатысуымен өткізілді.

СҚО Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев ІІО еңбек сіңірген қызметкерлерінің есімдерін мәңгілікке тақтаға қашап жазу – ведомствоның игі дәстүрі болып саналатыны туралы атап өтті.

– Бүгінгі таңда Петропавлда түрлі жылдары қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің есімдері бес көшеге берілді. Төрт мемориалдық тақта ашылды: милиция сержанты Юрий Медведевке, милиция старшинасы Василий Малышевке, милиция майоры Алексей Щербаковқа, милиция капитаны Анатолий Добрынинге. Сондай-ақ, СҚО ІІБ екі бастығына милиция генерал-майорлары Иван Гребень мен Михаил Барановқа; Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Қызылту АІІБ бастығы Қойшыбек Қаженов пен Ақжар АІІБ бастығы Сәбит Қасеновке мемориалдық тақталар ашылған, – деп баса назар аударды облыстық полиция басшысы.

Сондай-ақ, Марат Төлебаев жас полицейлер үшін мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні ерекше деп атап өтті.

Владимир Богданович СҚО ІІБ Мемлекеттік автоинспекциясын он жеті жыл бойы басқарған. Еңбек жолын кіші лейтенант атағынан бастап, милиция полковнигіне дейін жеткен. Оның жеке ісінде адал қызметі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін 50-ге жуық марапаты бар. Оның тәрбиесінен өткен 15 қызметкер Қазақстан мен Ресейде қызмет атқарып, полиция, милиция полковнигіне дейін жеткен. Ең бастысы – құрдастары, әріптестері мен тәлім алған қызметкерлердің жылы естеліктері. Сөз сөйлеген СҚО ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев пен музей меңгерушісі Любовь Осинская жылы лебіздері мен ризашылықтарын білдірді. Жол полициясының ардагері, қазіргі уақытта Әкімшілік полиция басқармасы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Евгений Райтенбах тәлімгері полковник Богдановичтің қызметі туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. Ол Владимир Богданович Петропавл айналма жолының салынуына бастамашылық еткендердің бірі болғаны туралы айтты, қазіргі уақытта аталған жол қала жолдарындағы автотрафикті айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Сондай-ақ, Владимир Павловичтің қатысуымен МАИ-ге Володарский көшесі, 18 мекенжайындағы жеке ғимаратты бөлу мәселесі шешілді және қазіргі уақытта онда қызмет аппаратының қызметкерлері жұмыс істейді. Ғимаратта жол полициясының музейі бар, оның негізін қалаушылардың бірі Владимир Богданович болып табылады. Музейде облыстық МАИ-дің тарихымен қоса, өңірді автомобилендіру хроникасы да ұсынылған. Айта кететіні, ғимараттың бірінші қабатындағы терезелерде «Волга» маркалы патрульдік автокөліктері түрінде жасалған сәндік торларды көруге болады. Евгений Райтенбахтың айтуынша, аталған торлар петропавлдық шағын литражды қозғалтқыштардың зауытында жасалған және оларды орнату кезінде қалалық құрылыс бөлімінің басшысы сыртқы жағынан әрқайсына МАИ бастығы Богдановичтің көшірме қолы қашалып жазылғанын қалаған. Владимир Павлович бұл ұсынысқа бірден келіспеген, ұзақ уақыт өткеннен кейін көндірген екен.

Қазіргі уақытта бастықтың көшірме қолын әрбір сәндік тордан көруге болады, бұл сол кездегі тәртіп сақшылары туралы естелік болып қалды.
Ақсақал мен полицейлер мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды. Ардагерлер өткенсіз болашақтың жоқ екендігін атап өтіп, тақтаны ашу бастамасын қолдағаны үшін СҚО ПД басшылығына алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру