СҚО-да 3 мыңға жуық жасөспірім жас жол инспекторлары қозғалысының құрамында
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында балалардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу – полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы бағытта тәртіп сақшыларына жас жол инспекторларының жасақтары елеулі көмек көрсетуде. Жас инспекторлардың негізгі міндеті – жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын кішкентай оқушыларға түсінікті, қолжетімді тілмен жеткізу.

Мамлютка қаласындағы №1 мектеп-гимназияда ЖЖИ-бақылау командасына біріктірілген оқушылар осы бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Сабақ кестесінің тығыздығына қарамастан, олар бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық кездесулер ұйымдастырып, жолдағы негізгі қауіпсіздік қағидаларын қарапайым тілмен түсіндіреді.
Бүгін жас инспекторлар мектеп формасын киіп, нөлінші сынып оқушыларымен кездесті. Танымдық ойын форматында олар бүлдіршіндерге жолды қауіпсіз кесіп өтуді, жол белгілері мен реттеушінің сигналдарын дұрыс тануды үйретті.

Қазіргі таңда облыста 256 жас жол инспекторлары жасағы жұмыс істейді, олардың құрамында 2544 мектеп оқушысы бар. Бұл қозғалыс "Заң мен тәртіп" қағидатын іс жүзінде жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып саналады. Жолдағы тәртіп – өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетінің негізі.
Жас жол инспекторлары қозғалысы полиция мен мектеп арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етеді. Өткен жылы Мамлютка командасы республикалық байқауда жүлдегерлер қатарынан көрінуі өңірде балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу жұмысы ерекше бақылауда екенін дәлелдеді.

