СҚО-да 30 полиция қызметкері Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шараға қатысты
СҚО-да 30 полиция қызметкері Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шараға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілердегі полиция қызметкерлері ұлттық музыкалық аспаппен сүйемелдей отырып, қазақтың халық әндерін орындаған бейнеролик тарады.
Қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен бай мәдени мұрасына құрмет көрсету мақсатында СҚО полиция департаменті мен Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ПД-ның акт залында музыкалық концерт ұйымдастырды. Іс-шараға 30 полиция қызметкері қатысты.
Қатысушылардың басым бөлігі департаменттің мәдени орталығының құрамында, олар кезекшіліктен бос уақыттарында барлық маңызды іс-шараға белсенді түрде қатысады. Ал біреулері үшін домбыра – сүйікті хобби. Мысалы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкері Раушан Баймұқанова әріптестеріне "Көздеріңе ғашықпын" атты әсерлі композицияны орындады.
Мұндай іс-шараларға қатысу жас қызметкерлерді патриоттылыққа тәрбиелеуге ықпал етеді және полиция мен қоғам арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.