Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 67 "ақылды" камера жұмыс істейді

СҚО-да 67 "ақылды" камера жұмыс істейді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 67 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Олар жылдамдықты асырғанды, қарсы жолаққа шыққанды, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кетуді тіркейді. Бұлардың барлығы жол апаттарының кең таралған себептері болып саналады. "Ақылды" камералар республикалық маңызы бар тасжолдарға, сондай-ақ Петропавл қаласындағы мектептердің, стадиондардың жанындағы апаттық қауіпті аймақтарға орнатылған.

Биылғы 8 айда облыста бұл кешендер арқылы 77 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Әрбір бұзушылық — ықтимал апаттың, демек адам өлімі мен жарақаттың қаупі. Ал кешендер орнатылған жерлерде ауыр салдарға әкелген бірде-бір апат тіркелген жоқ. Бұл жол қозғалысын бақылаудың басты мақсаты айыппұл салу емес, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін тағы бір дәлелдейді.

Тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Петропавл қаласы, Володарский көшесі, 18 мекенжайында орналасқан СҚО ПД әкімшілік практика бөлімшесіне жүгінуге болады. Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері толық түсіндірме береді.

Жолдағы қауіпсіздік — әрбір қатысушының жауапты ұстанымының нәтижесі. Полицейлер азаматтарға әрдайым ескертіп отырады: жол мен қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайту — әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру