СҚО-да 97 ювеналдық полицей балалармен бірге жаңа оқу жылын бастады
Солтүстік Қазақстан облысында 97 ювеналдық полицей балалармен бірге жаңа оқу жылын бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші қыркүйек – тек мұғалімдер мен оқушыларға ғана маңызды күн емес, полицейлерге де аса маңызды. Полицейлер Білім күнінде күшейтілген алдын алу жұмысын жүргізеді. Мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Оқу жылы қарсаңында полицейлер мектептердің маңындағы инфрақұрылымды зерделеп, бағдаршамның, жол белгілерінің көрінуін және орналасқан жерлерін тексерді. Бүгін алғаш рет оқушыларға есігін ашқан «Жас Өркен» ықшам ауданында орналасқан жаңа мектептің қасындағы жол белгісі жаңартылды. Жаңа бағдаршамды қою мәселесі қарастырылуда. Барлық білім беру мекемелерінің маңы тексерілді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға балалардың жол-көлік жарақаттануын болдырмауға септігін тигізетін ұсыныстар жіберілді.
Оқу жылы басталысымен полицейлердің негізгі жұмысы профилактикаға бағдарланды. Білім мекемелеріне он төрт автопатрульдің маршруттары жақындатылды. Жаңа оқу жылында мектептер тек бастауыш сынып оқушыларын қабылдайды. Оқушыларды жол қозғалысы ережелері туралы ескерту үшін полицейлер арнайы сыныптарға кіріп, балалармен түсіндіру жұмысын жүргізді. Жолды тек белгіленген жерден және бағдаршамның жасыл белгісіне қиып өту, жан-жаққа мұқият қарау, жарық шағылыстырғыш элементтерді тағу. Осындай қарапайым ережелер адам денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектеседі. Полицейлердің ескертуі есте қалуы үшін түрлі-түсті буклеттер әзірленді. Мұндай жадынамалар оқушыларға тарату үшін педагогтарға да табыс етілді.
– Ювеналдық полицейлер сынып сағаттарына қатысты, – деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Мектепке жергілікті полиция қызметі басшылығының өкілдері де барды. Осындай іс-шаралар облыс аудандарында да өткізіледі. Мектептің полиция инспекторларының жұмысы қыза түсті. Облыста 97 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қызмет етеді. Тұрмысы қолайсыз отбасылар, облыс бойынша 263, мектепішілік есептерді тұрған жасөспірімдер – СҚО-да 788, тұрғылықты жерлері бойынша тексеріледі. Тексеріс әлеуметтік педагогтармен, психологтармен, сынып жетекшілерімен бірлесе жүргізіледі. Балалардың қауіпсіздігі полицейлердің, ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен әрекеті арқасында қамтамасыз етіледі.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Оқу жылы бойы бұл жұмысқа баса назар аударылатын болады.