СҚО-да абаттандыру ережелерінің бұзушылықтары үшін 9 мыңнан астам адамға ескерту жасалды
СҚО-да абаттандыру ережелерінің бұзушылықтары үшін тоғыз мыңнан астам адамға ескерту жасалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пластик бөтелкелердің, пакеттердің, тамақ пен құрылыс қалдықтарының жиналуы салдарынан облыс орталығында, әсіресе жеке секторда қоқыс үйінділері пайда болады. Қоқыс көшелердің реңін бұзып, халықтың санитарлық жағдайына да әсерін тигізуі мүмкін. Мүдделі органдар мен тәртіп сақшылары абаттандыру ережелерінің бұзушылықтарын ескерту бойынша жұмыстарды жиі жүргізеді.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жұмыстары бойынша қызметтерді қалада алты ұйым көрсетеді. Негізі бұл – көзге көріне қоймайтын жұмыс. Дегенмен, қоқыс бір күн шығарылмай қалса, айналадағылардың берекесін кетіріп, тазалықты бұзады. Көшелер мен саябақтардағы тәртіп пен тазалық көше тазалаушыларға ғана емес, көпқабатты үйлер мен жеке сектор тұрғындарының өздеріне де байланысты.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары өз учаскелеріндегі аулаларды бақылауға алды. Учаскелік инспекторлардың міндеті – айыппұл салу емес, ескерту жасап, қарастырылған жауапкершілікті тұрғындарға жеткізу. Мұндай жұмыстардың нәтижесі қоқыс үйінділерінің шеткері аудандар мен саяжай қауымдастықтары аумақтарында жиналатындығын көрсетеді. Саяжайшылардың барлығы бірдей қоқыс шығаруға жауапкершілікпен қарамайды. Сондықтан саяжай қауымдастықтары маңында қоқыстың жиналып қалуы байқалады. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушыларды ескертіп, төңіректің ластанбауын қадағалайды. Жыл басынан облыста ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабының бұзушылықтары үшін 9256 адам жауапкершілікке тартылды. Оның 44-не айыппұл салынды, өзгелеріне ескерту берілді.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы қыркүйек айының басында басталып, 1-ші желтоқсанға дейін жалғаспақ. Іс-шара шеңберінде учаскелік инспекторлар отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы, сондай-ақ, есепте тұрғандар, жасөспірімдер, ішкілікке салынғандар арасындағы тәртіпке де қарайды. Полицейлердің міндеттерінің тағы бірі – әкімшілік учаскелеріндегі тұрғындармен танысып, өздерінің байланыс мәліметтерін тарату.