СҚО-да адасып кеткен 5 жасар бала үйіне қайтарылды
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында бес жасар бала ауылдардың арасында адасып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешкі 8 шамасында тракторымен үйіне қайтып келе жатқан Знаменское ауылының тұрғыны Андрей Мехов далалы жолмен келе жатқан балақайды байқайды. Шошынған бала ер адамға ештеңе айтып түсіндіре алмайды, тек есімін ғана айтқан. Ауыл тұрғыны баланы өз үйіне әкеліп, болған мән-жайды учаскелік полиция инспекторына хабарлаған. Полиция капитаны Серік Жолтанов табылған бала туралы ақпаратты жақын маңдағы ауылдарға жедел жолдаған. Бала анасының есімін атаған, бұл полицейлерге оның жақындарын анықтауға көмектесті. Қараңғы түсе бастаған кезде алаңдаған анасы ұлын іздеуге шыққан. Алайда, ұзақ іздеуге тура келген жоқ, учаскелік инспектор қуанышты хабарды жеткізген. Баланың Аққайың ауданы Тоқшын аулында тұратыны анықталды. Күндіз балалармен серуендеп жүрген. Балалардың бірімен далаға барып, одан қалып қойған соң адасып кеткен.
– Абырой болғанда бәрі жақсы аяқталды. Бала тұрғылықты мекенжайынан 10 шақырымдай жерден табылып, анасына табыс етілді. Аталған факті бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қазір жаз кезеңінде балалар үлкендердің қарауынсыз өз уақытын далада өткізеді. Ата-аналардан өз балаларын назардан тыс қалдырмай, кішкентай бүлдіршіндермен жиі әңгіме өткізуді сұраймыз. Су қоймаларында, жолдарда балалардың қатысуымен орын алған оқиғалар жиі болып жатады, – деп тоқтала кетті Қызылжар ауданы ПБ бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Мұхамадиев.