СҚО-да әйелдер колониясында ашық есік күні өтті
СҚО-да әйелдер колониясында ашық есік күні өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №50 мекемесінде сотталғандардың туыстары үшін ашық есік күні өтті.
Қазіргі уақытта №50 мекемеде 300-ге жуық әйел жазасын өтеп жатыр. Іс-шараға барлығы 75 сотталғанға еліміздің түкпір-түкпірінен 170-тен астам туысқандар келді.
Ашық есік күніне алғаш рет келген және мекеме аумағымен, сондай-ақ сотталғандарды ұстау шарттарымен танысқысы келген туыстары үшін тұрғын үй және өндірістік аймақ бойынша экскурсия өткізіліп, концерттік бағдарлама және аниматорлармен шоу дайындалды.
Қонақтар алдында мекеме бастығы Светлана Спасская сөз сөйледі. Өз сөзінде ол жақындарымен әлеуметтік-пайдалы байланыстарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ өркендеу мен отбасылармен тезірекқауышуды тіледі.
Бүгінгі күн сотталғандардың көбісі үшін ерекше және көптен күткен күн болды. Мәселен, сотталған "К" - мен кездесу үшін Астанадан оның қызы келді.
— Мен анашыммен жиі қоңырау шалып сөйлесіп тұрамын және мүмкіндігінше онымен кездесуге келемін. Соңғы рет желтоқсанда бір-бірімізді көргендіктен, анам ашық есік күніне келудің қажеті жоқ деді. Басында мен оны тыңдап келмеймін деп ойладым, бірақ кейін тосын сый жасауды шештім және пойыз кетерден бір сағат бұрын билет сатып алдым. Келгеніме мүлдем өкінбеймін, осындай ерекше мереке қарсаңында анамды жеке құттықтағым келді, — деді сотталғанның қызы.
Сондай-ақ іс-шара барысында бірнеше сотталғандардың балалары аналарына арнаған әнін орындады.
Іс-шара соңында сотталғандардың туыстары мекемеге баруға және жақындарымен уақыт өткізуге мүмкіндік бергені үшін қызметкерлер мен әкімшілікке шын жүректен алғыс айтты.