СҚО-да әкімшілік полицейлер 30 мың шақырымнан астам автожол мен көше-жол желісін тексерді
СҚО-да әкімшілік полицейлер 30 мың шақырымнан астам автожол мен көше-жол желісін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 327 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 39 адам қаза тапты, 463 адам жарақаттар алды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметі басқармаларының жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Жол жүрісі қағидалары бұзушылықтарының алдын алудан бөлек, полиция қызметкерлері жолдар мен елді мекендердегі көше-жол желісінің жағдайына талдау жүргізеді.
Осы жылдың 10 айында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол және коммуналдық қызметтердің өкілдерімен бірлесіп, жолдар мен көше-жол желісіне 1683 тексеру жүргізді. Мониторинг арқылы 29 640 км-ден астам жол қамтылды. Аталған жұмыстар барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін 5847 кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 1041 ұйғарым берілді. Нәтижесінде жолды күтіп ұстауға жауапты 220 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полицейлер темір жол өткелдеріне 438 тексеру жүргізді, оның барысында жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін 134 кемшілік анықталды. Оның нәтижесінде 26 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол инфрақұрылымын тексеру, сондай-ақ жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын ескерту бойынша профилактикалық рейдтер жүргізу жалғасып жатыр.