СҚО-да алғаш рет ДНК-сараптамасының нәтижелері браконьерлердің кінәсін дәлелдеуге көмектесті
СҚО-да алғаш рет ДНК-сараптамасының нәтижелері браконьерлердің кінәсін дәлелдеуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері өткен жылдың желтоқсан айында орын алған заңсыз аңшылық фактісі бойынша материалдарды сотқа жіберді.
Қорықшылардан алынған ақпаратты тексере келе полицейлер Целинный ауылы маңында ВАЗ-21212 автомобилін, қасында атылған үш сібір елігін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 және 41 жастағы екі аудан тұрғыны анықталды. Олар өздерінің заңсыз аңшылыққа қатысын үзілді-кесілді мойындамады. Мәселен, олардың біреуі киімнен және көліктен табылған қан мен жүн сиырдікі деген. Аталған факті бойынша тергеу бірнеше айға созылды.
Трасологиялық, баллистикалық және биологиялық, көптеген сараптамалар тағайындалды. Олардың бір бөлігі Петропавлда, жартысы Қостанайда өткізілді. Сондай-ақ, ДНК анализін жасату үшін биологиялық материалдың үлгілері Нұр-Сұлтанға жіберілді.
– Дәл осы сараптама күдіктілердің қылмысқа қатысын дәлелдеді, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов. – Құны айтарлықтай қымбат ДНК сараптамасының нәтижесі алғаш рет облыста заңсыз аңшылық фактісі бойынша дәлелдемелер базасына енгізіліп отыр. Іс бойынша тағайындалған сараптамалар бағасы 600 мың теңгедей болды. Бұл сомаға екі миллион 700 мыңнан астам теңгені құрайтын келтірілген шығын сомасын қосқанда, браконьерлік қаншалықты шығын келтіретінін түсінесіз. Айта кететіні, күдіктілер келтірілген дәлелдерден бұлтара алмай, кінәларын мойындады және келтірілген шығынды да, процессуалдық шығындарды да өтеді.
Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, аталған тергеуде криминалистердің рөлі зор болды. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығы жауап алып, беттестірулерді ұйымдастырған, тінту сияқты дәлелдемелер базасын құруда аса маңызды жұмыстарды атқарған тергеушілердің еңбегін де атап өтті.
Наурыз айында іс материалдары сотқа жолданды. Бірер күн бұрын СҚО Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың атына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясының басшысы Ережеп Жанатаевтан аудандық полицейлердің жұмысына, әсіресе тергеу бөлімінің қызметкері полиция аға лейтенанты Әділхан Мырзатаевқа алғыс білдіретіні туралы хат келіп түсті.
– Оның мұқияттылығы мен табандылығы кінәлілерді анықтауға, тергеуге нүкте қоюға көмектесті, – деп жазды Ережеп Жанатаев.