СҚО-да алғашқы «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды
СҚО-да алғашқы «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің формасын алғашқы болып кию Петропавлдағы М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейдің жетінші сынып оқушыларына бұйырды. Бұл білім ошағы құқық қорғау бағытындағы сыныптар құру жөніндегі ҚР ішкі істер министрлігінің жобасына қосылған өңірдегі алғашқы оқу орны болды.
«Жас сақшы» сыныбына қабылдау үшін іріктеуден өткен ұлдар мен қыздарға полиция қызметкерлері сабақтар өткізеді. Олардың жетекшілігімен балалар мектеп пәндерінен бөлек, заңнаманы, криминалистика, полиция қызметінің негіздерін тереңірек зерттейді, дене шынықтыру дайындығын дамытып, өзін-өзі қорғау әдістерін үйренеді.
Оқытудың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін полиция сыныбының оқушыларына құқық қорғау бағытындағы курстан өткені туралы сертификат беріледі. Осындай дайындықпен оларға ҚР ІІМ-нің жоғары оқу орындарына оқуға түсу, яғни полицияға қызметке орналасу оңайырақ болады.
Сыныптың салтанатты ашылуы 18 желтоқсан күні кешкісін өтті. Лицейдің мәжіліс залы өңірдің ішкі істер органдарының тарихы көрсетілген СҚО ПД музейінің көшпелі стендтерімен безендірілді.
Аталмыш сыныптың ашылуына полиция ардагерлері де келді. Сондай-ақ іс-шараға Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова, СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қатысты.
Ол балаларды «Жас сақшы» сыныбына келулерімен құттықтап, ата-аналары мен білім беру жүйесі қызметкерлеріне өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен адамгершілікті тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін алғысын айтты.
- Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп негізгі рөл атқаратын қазіргі заманда, келешек ұрпақты жауапкершілікке, елінің, жерінің қорғаны етіп тәрбиелеу маңызды. Біздің мақсатымыз – жастарды еңбек сүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиелеу және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, - деп атап өтті.
Полиция сыныбының тұсаукесерінде СҚО ПД мәдени орталығының вокалдық тобы әннен шашу шашып, мереке көркін аша түсті. Погондағы өнерпаздар патриоттық әндерді керемет орындап, қатысушылардың делебесін қоздырды.