СҚО-да алкогольге қарсы заңнаманы бұзған кәсіпкерлер жауапқа тартылды
СҚО полицейлері жыл басынан алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 200-ге жуық кәсіпкерді жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкогольге қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеу – учаскелік полиция инспекторлары жұмысы желісінің бірі. Күші бар алкогольдік ішімдікті қала тұрғыны арзан бағада сатып алғанын айтты. Қала дүкендерінің бірінде ҚР Үкіметімен белгіленген, бөлшектеп сатудың төмендетілген құнынан арзан спирттік ішімдік сатылып жатқаны белгілі болды.
– Бұл этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнаманың талаптарын бұзу, – деп түсіндірді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. – Дүкен иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Арзан, сапасы төмен спирттік ішімдік отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары, бұзақылық, дене жарақатын келтіру және басқа да заң бұзушылық фактілеріне себепші болатынын түсінген жөн. Учаскелік инспекторлар алкогольге қарсы заңнама бұзудың жолын кесу бойынша жұмыс жүргізуде.
Жыл басынан облыста 10 кәсіпкер осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды, тағы 188 адам кәмелетке толмағандарға немесе түнгі уақытта алкоголь сатқаны үшін жазаланды. Алкоголь өнімдерін тиісті лицензиясыз саудалағаны үшін 147 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 5884 литр алкоголь өнімдері алынды. Сонымен қатар, адамның қадір-қасиетін және қоғамдық адамгершілікті қорлап, қоғамдық орындарда масаң күйінде жүргені үшін 9718 тұлға жауапқа тартылды.