Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

СҚО-да Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында әр жылдары милиция және полиция қатарында Ауған соғысына қатысқан, сондай-ақ тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға араласқан 19 жауынгер-интернационалист қызмет атқарған. Олар әскери борышын абыроймен орындап қана қоймай, бейбіт өмірде де иықтарына погон тағып, ел тыныштығы мен заңды қорғауға үлес қосты.

15 ақпан — Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстаннан шығарылған күн. Осы атаулы дата қарсаңында ардагерлердің басым бөлігі облыстық полиция департаментінде бас қосты. Кездесуді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов ашып, майдан даласынан оралмағандарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.

Одан кейін ардагерлерге жылы лебіз білдіріп, мінсіз қызметі мен адалдығы үшін алғыс хаттар табыстады.

– Ауған соғысының ардагерлері әрдайым тәртіптілігімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Сіздер – жас қызметкерлерге үлгісіздер. Өмірлік және қызметтік тәжірибелеріңіз жас полицейлерді патриотизмге, антқа адал болуға тәрбиелеуде аса маңызды, – деді ПД бастығы Абай Жусупов.

Ардагерлер өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қолдау үшін облыстық полиция басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Атаулы күнге орай полиция қызметкерлері бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Соның бірі – шағын футбол. Жарыс қорытындысы ардагерлермен өткен кездесуде жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Нәтижесінде бірінші орынды полиция департаментінің командасы, екінші орынды қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің командасы, ал үшінші орынды Петропавл қаласы полиция басқармасының командасы иеленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру