СҚО-да батыр полицей өзі құтқарған отбасымен кездесті
СҚО-да батыр полицей өзі құтқарған отбасымен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылында 2024 жылғы су тасқыны кезінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Ақыл Байтеңізовтің көмегімен көшкен егде жастағы ерлі-зайыпты тұрады. Полицей толассыз келген судан адамдарды соңғы минуттарда құтқарып үлгерді.
“Ерлігі ел есінде” акциясы аясында полиция аға лейтенанты Байтеңізов өзі құтқарған жанұяға барып, жағдайларын білді. Полицейді олар құшағын жая қарсы алды. Ақыл олардың ескі үйін бұзып, жаңасына көшіп жатқан кезде де жиі кездесіп, қал-жағдайларын біліп жүрген.
Басынан өткен оқиғаны әлі күнге дейін ерекше толғаныспен есіне алады. “Ақыл нағыз азамат, — дейді зейнеткерлер. — Су келгенде есік ашылмай қалды, ол бізге қарай арнайы киімсіз жүзіп өтіп, бізді аман алып шықты”.
Тасқын кезінде Прибрежное ауылы аралда қалды. Ақыл Байтеңізов ауылда қалған санаулы тұрғындармен бірге болып, қоғамдық тәртіпті қадағалап, бос қалған үйлерді тонаудан қорғады. Қауіпті жағдайда батыл әрекет еткені үшін Ақыл Байтеңізов үкіметтің жоғары наградасы — “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.