Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да білім алып жүрген жастарға полицияның қылмыспен күрестегі цифрлық жүйелері көрсетілді

СҚО-да білім алып жүрген жастарға полицияның қылмыспен күрестегі цифрлық жүйелері көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің құрамындағы ақпараттандыру және байланыс басқармасының қызметкерлері білім алып жүрген жастарға ішкі істер органдарының қажетті құралдармен жабдықталуын және цифрлық мүмкіншіліктерін көрсетті.

Жедел басқару орталығы – қалалық полицияның күні-түні тоқтаусыз жұмыс істейтін бөлінісі. Облыстық әкімдіктегі цифрландыру басқармасының өкілдері, гуманитарлық-техникалық және кәсіптік-педагогикалық колледждердің оқушылары мен оқытушылары экскурсия шеңберінде орталықта болып қайтты.

Полицияның бейнебақылау камераларының қойылған жерлері, кеудеге тағылатын бейнетіркегіштердің ерекшеліктері, патрульдік көліктердің көшелерде орналасуының онлайн схемасы, “SOS” батырмалары бар көше кешендерінің мүмкіндіктері, ІІМ-нің “102” мобильдік қосымшасы. Полицияның осы және қылмыспен күрестегі, құқық бұзушылықтарды тіркеу, олардың алдын алудағы тағы да басқа техникалық мүмкіншіліктері жайлы байланыс басқармасының офицерлері егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Болашақ автомеханиктер мен құрылысшылар полициямен кез келген уақытта байланысуға және аудио, видео файлдар жіберуге болатын “102” мобильдік қосымшасымен танысты. Бұл жүйе арқылы полицияға қызметке орналасуға қатысты да кеңестер алуға болады.

– Цифрландыру – ІІМ басымдықтарының бірі. Солтүстік Қазақстан полициясы бөлімшелерінде ашық есік күндері, экскурсиялар үнемі өткізіліп тұрады, оның барысында ақпараттық-түсіндіру және кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері қалалық полицияның жедел басқару орталығына “102 ” қосымшасы арқылы 157 бейне және мәтіндік өтініш келіп түскен, оның 120-сы бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін облыс орталығында 7 “SOS” дабыл түймесі орнатылған болатын. Криминогендік жағдайды ескере отырып, тағы 4 шұғыл шақыру батырмасын орнату орындары да анықталған. Осы байланыс арнасы арқылы полицияға 14 қоңырау түсіп, 7 факт бойынша материалдар жиналып, әкімшілік хаттамалар жасалды. Сондай-ақ мектептердің бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталығының ведомстволық желісіне және полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне қосу жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл 277 білім беру нысаны қосылған, оның ішінде 210 мектеп, 50 балабақша, 16 колледж және 1 жоғарғы оқу орны бар, – дейді СҚО ПД бастығы Айдын Қабдулдинов.

СҚО ПД-да “жаппай бейнебақылау” бағдарламасы аясында 1261 ішкі бейнебақылау камерасы орнатылды. Камералар ПД-ның барлық үй-жайларында, сондай-ақ тергеу әрекеттері жүргізілетін кабинеттерде орнатылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру