Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да бұрын жасалған 8 интернет-алаяқтық дерегі анықталды

СҚО-да полиция қызметкерлері ішкі істер органдарына азаматтар арызданбаған 8 интернет-алаяқтықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күреске бағытталған «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері үш күн бойы ұйымдар мен адамдар көп жиналатын орындарда жадынамалар таратып, желілік алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы айтты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары алаяқтар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерге мониторингті күшейтті.

Полицейлердің айтуынша, кибералаяқтарға алданып қалған адамдардың кейбірі полицияға жүгінбейді екен. Облыс тұрғындарымен сөйлесу кезінде және әлеуметтік желілердегі комментарийлерді тексере келе осындай 8 факті анықталған. Олардың барлығы интернеттегі хабарландырулар арқылы тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасаумен немесе бөгде біреудің атына шағын несие ресімдеумен байланысты фактілер. Әр фактіде зардап шеккен жәбірленушілерді полицейлер арыз жазуға көндірді. Нәтижесінде барлық қылмыс қысқа уақыт ішінде ашылды.

– Басқа біреудің атына шағын несие ресімдеу – көбінесе жәбірленушінің жақын адамдарымен, туыстарымен немесе достарымен жасалады. Шағын несие ұйымдарының қызметтерін пайдаланбайтын егде жастағы адамдар бет-әлпет арқылы фото-видео растау қажет екенін білмегендіктен жиі зардап шегеді. Қаскөйлер олардың жақындарының аңқаулығын пайдаланып, әр нәрсені сылтау етіп, оларды фотоға түсіреді, несиелер ресімдейді. Егер сіздерге өзіңіз алмаған әлдебір қарызды төлеуді талап ете бастаса, бірден полицияға жүгініңіз. Бұл туралы үйдегі қарияларға да ескертіңіздер, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Егер интернеттегі хабарландыру үшін алдын ала төлем талап етіп, сан соқтырып кетсе де полицияға жүгіну қажет. Бұндай қылмыс жиі ашылатын қылмыстарға жатады.

Сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шара өткен үш күнде бұрын жасалған 8 интернет-алаяқтық фактісі ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру