СҚО-да екі күн ішінде 21 жасқа дейінгі жастарға темекі сатудың 10 фактісі анықталды
СҚО-да екі күн ішінде 21 жасқа дейінгі жастарға темекі сатудың 10 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Темекі өнімдерін заңсыз сатумен байланысты құқық бұзушылықтар — полицейлердің жіті назарында. 18 наурыздан бастап Солтүстік Қазақстанның тәртіп сақшылары шегілмейтін темекі, снюс, басқа қоспаларды заңсыз сатудың жолын кесу бойынша профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр.
Екі күн ішінде тәртіп сақшылары шегілмейтін темекіні заңсыз сатудың 11 фактісін анықтады. Полицейлер еркін саудаға тыйым салынған немесе заңнамамен шектелген тауарлар мен өзге де заттарды өткізгені үшін 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын еске салады.
Сондай-ақ 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатудың 10 фактісі анықталды. Қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін 19 адам жауапқа тартылды. Сонымен қатар, көліктің ішінде кәмелетке толмаған баланың көзінше темекі шеккен жүргізушіге айыппұл салынды.
– Бұзушылықтар рейдтер барысында, бейнебақылау камералары бойынша анықталады, екі жағдайда қызметкерлер халықтың жүгінуіне жауап берді. Айта кету керек, темекі өнімдерін шегілмейтін темекіні қоса алғанда, кәмелетке толмағандардың білім беру және демалыс ұйымдарының аумағында, денсаулық сақтау ұйымдарында, қоғамдық тамақтану орындарында, мәдениет объектілерінде және ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 110-бабында аталған басқа да қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар шегілмейтін темекіні пайдаланатын адамдар жалпы аумақтарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің бар екендігін есте ұстауы керек. Облыс тұрғындары мен қонақтарынан заңнаманың талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.