СҚО-да екі күнде 11 мас жүргізуші ұсталды
СҚО-да екі күнде 11 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Солтүстік Қазақстан облысында 9 қарашада бүкіл ел аумағында басталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Патрульдік полиция учаскелік полицейлер және басқа да бөліністердің қызметкерлері қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға барынша бағдарланған.
Екі күн ішінде солтүстікқазақстандық полицейлер мыңнан астам үйлерді, саяжайлар мен қараусыз қалған ғимараттарды аралап шықты. 200-ге жуық жалдамалы пәтер, профилактикалық есепте тұрған 1330-дан астам адам, оның ішінде 164 қолайсыз отбасы тексерілді. Жалпы, мыңға жуық түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі – тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру, мұндай 222 факті анықталды. Бұдан бөлек, полицейлер алкогольді ішімдіктерді ішудің және қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің – 199, ұсақ бұзақылықтың 88 дерегін тіркеді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше мән берілді. Іс-шара шеңберінде ең көп бұзушылықтар жаяу жүргіншілер тарапынан болды. Екі күнде 180 бұзушылық анықталған. Жылдамдықты асырудың 58 фактісі тіркелді. Тек соңғы тәулікте облыс жолдарында – 5, жалпы екі күнде 11 жүргізуші анықталды.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, көлік тәртібінің сақталуын бақылау күшейтілетін болады. Аймақтағы ауа райы да өзгеруде. Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден барлық ережелерді мүмкіндігінше қатаң сақтауды сұрайды. Сонымен қатар мал иелері де жануарларын бақылауы тиіс, әсіресе көлік қозғалысы көп жолдарда және теміржолдардың жанында еркін жайылымға жол бермеуі қажет.