СҚО-да есептегі сотталғандар спорттық шарадан бірінші орынды иеленді
СҚО-да есептегі сотталғандар спорттық шарадан бірінші орынды иеленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында 400-ден астам спортшының басын қосқан дәстүрлі “Ақ бидай” аудандық жарысы өтті.
Аталған іс-шарадан пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандар да шет қалмады. Мамлют ауданының әртүрлі ауылдық округтерінің құрамында 5 есепте тұрған азамат ауыр атлетика, армрестлинг, гір спорты, еркін күрес, дойбы және шахмат сияқты спорт түрлерінен бақ сынады.
Қатысушылар жоғары деңгейдегі физикалық дайындықтарын және жеңіске деген ұмтылыстарын көрсете білді. Жарыстың ашылу салтанатында олимпиада алауын жағу құрметі грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне кандидат, облыстық және республикалық жарыстардың жүлдегері, есепте тұрған сотталғанға берілді.
Жарыс қорытындысы бойынша құрамына пробациялық есепте тұрған адамдар да кіретін Новомихайловка ауылдық округінің командасы жалпы командалық бірінші орынды иеленіп, енді Мамлют ауданы атынан облыстық жарыстарда бақ сынайды.