СҚО-да есірткі дайындап, сақтаған және жарнамалаған тұрғын 11 жылға сотталды
СҚО-да есірткі дайындап, сақтаған және жарнамалаған тұрғын 11 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіні заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді.
Өткен жылдың соңында полицейлер жабайы сора өсімдіктерінен 2,6 келіден астам марихуана және 53 грамнан астам гашиш дайындаған 34 жастағы петропавлдықты ұстады. Есірткі заттары оның жертөлесінен тәркіленіп алынды.
Ер адам бұл есірткі заттарын Telegram мессенджері арқылы сатуды көздеген. Ол арнаны құрып, онда өзінің “тауарын” жарнамалауға кірісті, сондай-ақ басқа есірткі дүкенінің жарнамасымен бөліскен.
Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді. Ол есірткі жасағаны, сату мақсатында сақтағаны және жарнамалағаны үшін сотталды. Сот ер адамды 11 жылға бас бостандығынан айырды.