СҚО-да есірткіге қарсы байқауға 150-ден астам жасөспірім қатысты
СҚО-да есірткіге қарсы байқауға 150-ден астам жасөспірім қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер жариялаған есірткіге қарсы конкурс солтүстікқазақстандық жасөспірімдердің қызығушылығын оятты. Тәртіп сақшылары 13-27 қараша аралығында облыс тұрғындарына нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күреске шығармашылық үлестерін қосуды ұсынды.
Қатысушылардың барлығы дерлік Петропавлдың және облыс аудандарының жоғарғы сынып оқушылары. Жеке-жекеден ғана емес, үлкен шығармашылық ұжымдар, көркемөнерпаздар мен мектеп жанындағы үйірмелер де қатысты. Конкурсқа қатысуға барлығы 150-ден астам өтінім келіп түсті.
Байқау бес номинация бойынша өткізілді. Қатысушылардың кейбірі мақалалар мен билбордтардың эскиздерін әзірледі, бірақ көпшілігі жас ұрпақ арасында ең танымал бейнеконтент жасауды таңдады. Балалар «TikTok» форматындағы бейнероликтерді, тіпті күрделі қойылымдық қысқаметражды фильмдерді ерекше ықыласпен түсірген.
Жас сайыскерлер актерлық шеберлік, монтаж және драматургияның ерекшеліктерін толыққанды білмесе де, барлығы бүгінгі таңдағы қауіпті кеселдің жастардың денсаулығына тигізер зияны туралы алаңдаушылықтрын жақсы көрсете алды.
Көптеген жұмыстарда есірткі таратушылар «жеңілдеуге», «рахаттануға», тіпті «проблемаларды шешуге» көмектеседі деген заттың қауіпті тұстары көрсетіледі. Байқауға өлең ретінде жазылып жіберілген жалғыз жұмыста да жасөспірімдер үшін есірткінің қаупі айқын көрсетілген.
- Жеңімпаздарды марапаттау Петропавлдағы «Qyzyljar» креатив орталығында өтті. Жүлделі орындар бөлінбеді, біз үздік 10 жұмысты таңдадық. Олардың авторлары – 50 балаға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді. Алдағы жылы лауреаттардың барлық жұмыстары облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланатын болады, - деді СҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.