Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да есірткіге қарсы күрестің жылдық қорытындысы шығарылды

СҚО-да есірткіге қарсы күрестің жылдық қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.            

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында жыл қорытындысы шығарылып, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы жұмысқа үлес қосқан белсенділер марапатталды.

Петропавл қаласындағы Qyzyljar Creative Center алаңында жедел уәкілдердің қатысуымен қорытынды форум өтті. Онда 138 есірткі сату дерегінің жолы кесілгені, 772 келі психотроптық заттың заңсыз айналымнан алынғаны туралы мәлімет беріліп, СҚО полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің жұмысы талқыланды.

Кеңес құрамына қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер кіреді. Олар полицияға профилактикалық жұмыста қолдау көрсетіп, жастармен аудитория тілімен сөйлей отырып дәрістер өткізеді, әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жариялайды. Ең белсенді қатысушылар СҚО ПД атынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

"Болашақ" корпоративтік қорының өкілдері есірткіге қарсы күреске арналған жаңа жобаны — Telegram мессенджеріндегі чат-ботты таныстырды. Онда азаматтардың өтініштері мен кеңес алуына арналған бөлімдер, сондай-ақ есірткі қылмыстарының құқықтық салдары туралы ақпарат бар. Жобаның басты жаңалығы — ұпай жинау жүйесі. Есірткі тарататын сайттар туралы хабарлағаны, заңсыз айналым фактілері жөнінде ақпарат бергені және профилактикалық іс-шараларға қатысқаны үшін пайдаланушыларға ұпай беріледі. Ең белсенді азаматтар тоқсан сайын ынталандырылып отырады.

СҚО әкімі аппаратының кеңесшісі Закиржан Мамлютов жаңа деректі фильмнің түсірілімі туралы айтып өтті. Форум қатысушыларының алдында бұған дейін түсірілген фильмдердің бірінің кейіпкері — есірткі сату үшін 8,5 жыл жазасын өтеп шыққан қала тұрғыны сөз сөйледі. Ол өз қателіктерінен сабақ алып, жастарды теріс жолдан сақтандыруды мақсат ететінін жеткізді.

Полицейлер Кеңес мүшелерімен келесі жылға арналған жоспарларды талқылады. Негізгі қағида халықпен  әрі тірі диалог орнату, ұлт болашағы жолындағы ортақ іске азаматтық белсенділікті кеңінен тарту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру