СҚО-да инспектор-психологтар мен кинологтар әріптестеріне практикалық сабақ өтті
СҚО-да инспектор-психологтар мен кинологтар әріптестеріне практикалық сабақ өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің инспектор-психологтары қалалық және облыстық бөліністердің жеке құрамы үшін иттердің шабуылына тойтарыс беру бойынша практикалық сабақ өткізді. Тренинг кинологиялық қызмет орталығында өтті, оған кинологтар мен күн сайын полиция жұмысында қолданылатын тәжірибелі қызметтік-іздестіру иттері қатысты.
Иттер тәртіп сақшыларының сенімді көмекшілері. Төрт аяқты жануарлар заттарды иіс арқылы іздеуде зор көмек көрсетеді. Олар объектілердегі адамның қол-аяғы жете алмайтын учаскелерді тексереді, аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтауда қолданылады. Дегенмен, иттер қаншалықты адал және пайдалы болғанымен, егер иелері оларды қасақана, криминалдық мақсатта қолданса, өте қауіпті.
Қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында байлаулы тұрған жерінен босап кеткен не болмаса иесіне шабуыл жасамақ болған кезінде иттерді тыныштандырған кездер де болды. Дәл осы фактілерді негізге ала отырып, Кадр саясаты басқармасының мамандары облыстық полицияның кинологтарымен бірлесіп қызметкерлерге арнайы тренинг-сабақ ұйымдастырды.
СҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаев пен аға инспектор Ерік Кәрібаев сабаққа қатысушыларға иттермен жұмыс істеудің нақты әдістерін, жануарларға қарсы тұрудың тактикасы мен техникасын, олардың психологиясын, осал жерлерін айтып, көрсетіп берді.
СҚО ПД Кадр саясаты басқармасының аға инспектор-психологы Ләззәт Ділдабаеваның айтуынша, практикалық сабақ ішкі істер органдарының қызметкерлерін психологиялық даярлау жоспары шеңберінде өткізілген. Тренинг ерекше қызығушылық тудырды. Қызметкерлер пікір алмасып, сұрақтарын қойды. Ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ қызметкерлерден иттерді қолдану және олардың шабуылына қарсы тұрудағы теория мен заңнаманы егжей-тегжейлі түсіндіру бойынша қосымша дәріс сабағын өткізуге өтінім түсті.