СҚО-да кәмелетке толмаған балалардың 29 ата-анасы жауапқа тартылды
СҚО-да полицейлер 3 күн ішінде жасөспірімдердің түнгі серуенінің 73 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында ювеналды полицейлер өткен демалыс күндері полицияның басқа бөліністерімен, мүдделі ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, “Түнгі қаладағы балалар” облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеді.
Түнгі көшелерде, көңіл көтеру орындарында, компьютерлік клубтарда күшейтілген рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Демалыс күндері облыс бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үй-жайдан тыс болуының 73 фактісі анықталды. 11 жағдайда жас құқық бұзушылар мас күйде болған.
Бұдан бөлек, 29 ата-ана кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 20-сы жедел-профилактикалық іс-шара барысында анықталып, полицияға есепке алынды.
– Ювеналды полиция қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмысының мақсаты – өскелең ұрпақты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардан қорғау, олардың тарапынан жасалуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алу. Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыру шеңберіндегі жұмыстың маңызды бағыты, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.