СҚО-да кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүруінің 308 фактісі тіркелді
Петропавл қалалық Полиция басқармасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлары 10 күндік «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын рейдпен аяқтады. Тәртіп сақшыларынан басқа алты сағаттық тексеріске еріктілер, СҚО құқықтық қолдау орталығының өкілдері, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның хатшысы қатысты.
Косогор, Береке, қала орталығы – мобильдік топтың назарында қаланың басым бөлігі. Сағат 22:00-ге дейін полицейлер кәмелетке толмаған балалары бар қолайсыз отбасыларға барды. Отбасыдағы жағдайға назар аударып, профилактикалық әңгіме жүргізді, құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді.
Қаланың орталық көшесі – Қазақстан Конституциясы көшесінде кешкі уақытта серуендеп жүрген жастар да тексерілді. Полицейлер мен педагогтардың міндеті – кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілерінің уақтылы жолын кесу. Іс-шара қорытындысы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кәмелетке толмағандар беймезгіл уақытта қаланың орталық көшесінде жүретінін көрсетті.
Тәуелсіздік стелласының маңында 17 жастағы жасөспірім тоқтатылды. Жасөспірімнің сөзіне қарағанда, ол спорттық жаттығудан келе жатыр екен. Нәтижесінде үйіне жеткізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды, ата-анасымен негізді профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Бір жарым сағат бойы мобильдік топ қаланың орталық көшелерін тексерді, ювеналдық полиция желісі бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ. Дей тұрғанымен, түн жарымнан кейін Назарбаев көшесінде бір топ жастар байқалды. Олардың біреуі 17 жастағы кәмелетке толмаған болып шықты. Оның анасы шақыртылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді, жауапкершілік туралы ескертілді. Жалпы облыс орталығында сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта жүргені үшін бес әкімшілік хаттама толтырылды.
– «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы облыс бойынша 5-14 шілде аралығында өткізілді. Күнде 300-ден астам полиция қызметкері, сондай-ақ басқа да мүдделі органдардың өкілдері тартылды. Іс-шараның басты мақсаты – жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді СҚО Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Айтбаев.
10 күннің ішінде полицияға 325 кәмелетке толмаған жеткізілді. 325 құқық бұзушылық анықталды, оның 308-і кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүруі. Профилактикалық есепке 12 жасөспірім мен 31 тұрмысы қолайсыз отбасы қойылды.