Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да киберполицейлер петропавлдықтар үшін ауқымды профилактикалық акция өткізді

СҚО-да киберполицейлер петропавлдықтар үшін ауқымды профилактикалық акция өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтық – қазіргі қоғамдағы ең өзекті әрі күрделі қылмыс түрлерінің бірі. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жәбірленушілердің басым бөлігі бұл қауіп туралы бұрыннан хабардар болғанымен, алаяқтардың ескертулеріне жеткілікті мән бермей жатады. Осыған байланысты қоғам назарын киберқылмыстың алдын алуға аудару мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласында профилактикалық акция ұйымдастырды.

Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, прокуратура органдарымен және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп өтті. Акцияға қаладағы зауыттар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер де белсенді түрде тартылды.

Профилактикалық шара флешмобпен басталды. Қатысушылар кибералаяқтыққа қарсы бірігудің маңыздылығын көрсету мақсатында қол ұстасып, "Алаяққа жол жоқ!" деген жазу қалыптастырды. Кейін олар облыс орталығының басты жаяу жүргіншілер көшесімен жалаулар ұстап жүріп өтті.

Петропавл қаласының орталық алаңында полицейлер концерттік бағдарлама ұйымдастырып, тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратты. Онда өзін "банк", "емхана", "полиция" немесе басқа да ұйымдардың қызметкері ретінде таныстырып, телефон арқылы немесе SMS хабарламалар арқылы код сұрайтын адамдарға сенбеу қажеттігі атап өтілді. Бұл - интернет-алаяқтықтың ең кең таралған тәсілдерінің бірі. Жыл басынан бері облыс аумағында тіркелген 563 интернет-алаяқтық дерегінің 407-сі дәл осы схема бойынша жасалған.

Акция әсерлі финалмен аяқталды: "Алаяқтыққа жол жоқ!" деген жанған жазумен отты шоу көрсетілді. Полиция қызметкерлері азаматтарды мұқият болуға, сондай-ақ егде жастағы туыстары мен жақындарына киберқылмыскерлер қолданатын айла-тәсілдер туралы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады.

Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, олардың жинақтары мен несиелік қаражаттарын "қауіпсіз" немесе "резервтік" шоттарға аударуға мәжбүрлеуге тырысады. Интернет-алаяқтыққа қарсы тұру — тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру