СҚО-да көлік басқару құқығынсыз жүрген мас жүргізуші анықталды
Бұрын көлік басқару құқығынан айырылса да 8 наурыз күні көлікті масаң күйде тізгіндеген ауыл тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері СҚО полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Мереке күндері құқықтық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізілді. Наурыздың 8-нен 9-на қараған түні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ауылдарының бірінде полицейлер «Daewoo-Nexia» автокөлігін тоқтатқан. Рейдке қатысқан аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы көлікті бірден таныды. Екі жыл бұрын ауданның 33 жастағы тұрғыны көлікті масаң күйде басқарғаны үшін үш жылға басқару құқығынан айырылған.
Дей тұрғанымен, ер адам көлікті тағы да масаң күйде тізгіндеген. Одан ащы судың иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру алкогольдік масаюды көрсетті. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша енгізілді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
– Көлікті масаң күйде басқару фактілерін анықтау – полицияның маңызды міндеттерінің бірі, – деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин. – Әсіресе, бұл ҚР Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылып, рөлге отыратындарға қатысты. Заңнама талаптарын, жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығын саналы түрде елемеу жазасыз қалмауы тиіс. Жыл басынан облыс жолдарында бұрын басқару құқығынан айырылған бес мас жүргізуші ұсталды. Қазіргі уақытта екі іс бойынша материалдар сотқа жолданды, үшеуіне қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде.