СҚО-да көпбалалы полицей өзінің қызметі туралы айтып берді
СҚО-да көпбалалы полицей өзінің қызметі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкері Өміржан Есқожин ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол патрульдік полиция батальонының қызметкері болды, бір жыл арнайы қабылдағышта жұмыс істеді, ал 2020 жылдан бастап Петропавл қаласы полиция басқармасының құрамындағы патрульдік полиция батальонының кавалериялық бөлімшесінде қызмет атқарып келеді. Әріптестерімен бірге саяжай қоғамдастықтарын, автопатруль өте алмайтын аумақтарды тексереді. Өміржан атқа мінуді жақсы біледі. Ол Тимирязев ауданының тумасы. Бала кезінен ерге отырып, аттың құлағында ойнаған.
Петропавлда бұрын-соңды болмаған алапат су тасқыны кезінде кавалерист полицейлер басқа қызметтермен бірге адамдарды эвакуациялауға, адамдар қалдыруға мәжбүр болған мүлікті күзетуге қатысты. Өміржан Заречный кентіне жақын маңдағы тәртіпті қадағалады, өткен жылдары бұл аумақты су ішінара басатын, өткен көктемде ықшам ауданды толығымен су астына кетті.
– Алапат су келгенге дейін бұған сену қиын болды, көптеген адамдар үйлерінен кеткілері келмеді. Бірақ соңында бәрін көндіре алдық, ешкім зардап шеккен жоқ. Адамдарды шығарған соң, біз ғана қалдық: полиция және басқа да шұғыл қызметтер. Басты міндет – жазатайым оқиғалар мен қалдырылған мүлікті бақылау болды. Бұл біз үшін нағыз сынақ болды. Бірақ жұмыстың ауырлығы мен үшін таңсық емес, бала кезімнен төзімділікпен еңбектенуді үйрендім. Балаларымды да еңбекқор етіп тәрбиелеуге тырысамын, тәртіпті, үлкендерге құрмет көрсетуді үйретемін. Өйткені жастық шағымда маған да үйреткен, — деп еске алады Өміржан.
Өміржан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін жұбайымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Олардың жас шамасы 1 мен 8 жас аралығында, қазір үлкен ұлдары да әкелерінің жолын қумақ ниетте. Өміржан да бала кезінен ішкі істер органдарында қызмет етуді армандаған.
– Олардың өздері қалайтын мамандықты таңдауға әлі уақыттары бар. Ең бастысы — өмірден өз орындарын тапқаны, – дейді Өміржан.