СҚО-да мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады
СҚО-да мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 ақпанда сағат 14:45 шамасында Шал ақын ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Сергеевка қаласының 36 жастағы тұрғыны алкогольдік масаң күйде көлік тізгініне ие бола алмай, Toyota Land Cruiser автокөлігімен жолдан шығып кетіп аударылған. Жүргізуші орталық аудандық ауруханаға жатқызылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды.
Полицейлермен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Баптың санкциясы жиырма тәулікке әкімшілік қамауға алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
– Жыл басынан бері СҚО жолдарында мас күйде көлік жүргізген 65 жүргізуші анықталды. Мас жүргізуші – жол үстінде қауіпті объектіге айналады. Ол тек өзіне ғана емес, айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолдарда өте мұқият болуды және жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
СҚО жолдарында жыл басынан 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан алты адам қаза тауып, 20 адам жарақаттар алды.