Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады

СҚО-да мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан СҚО-да 177 мас жүргізуші анықталды. Олардың әрқайсы жолда апаттың орын алуына себепкер болуы мүмкін.

Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын 60 жастағы мас жүргізуші жол-көлік оқиғасына тап болды. 15 наурыз күні Lada Kalina автокөлікті басқарған аталған ер адам Челябі-Новосібір тас жолының 585 шақырымында Nissan Primera-ны басып озу кезінде осы көліктің артқы көрініс айнасын қағып кеткен. Бұл жөнінде көлік жүргізушісі бірден 102 нөміріне хабарлаған. СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шақыруға шығып, бұзушының көлігін күртік қардан анықтаған – ол көлікті басқара алмай жолдан шығып кеткен. Абырой болғанда, жүргізуші зардап шеккен жоқ, көлігіне механикалық зақым келтірілген.

Материалдық шығынға әкеп соққан, масаң күйде көлік басқарғаны үшін бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі бойынша материал жинастырылды. Сот шешімімен оған 7 жылға басқару құқығынан айыру және 20 тәулікке әкімшілікке қамауға алу түрінде жаза тағайындалды.

– Масаң күйде көлік басқару – жол-көлік оқиғасына алып келуі мүмкін. Осындай фактілерді анықтау және жолын кесу – 14 наурыздан облыс аумағында өткізілген “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаттарының бірі. Жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 күнінде көлікті масаң күйде басқарған 18 жүргізуші анықталды, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ, полицейлер облыс жолдарында жылдамдық режимін бұзудың 128 фактісін, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерінің 33 бұзушылығын, қарсы бағытқа шығып кетудің 4 фактісін анықтады. Бұдан бөлек, көлікті тиісті құжатсыз басқарған 17 жүргізуші жауапқа тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру