СҚО-да мектепке балтамен келген баланы ұстаған оқушылар марапатталды
Наурыз мейрамы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде қауіпті жағдайда батылдық танытқан екі петропавлдық оқушыны марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№4 қалалық орта мектептің екі жоғары сынып оқушысы Нұрислам Сандыбай мен Алдиар Нұртаев, сондай-ақ олардың аналары облыстық полиция басшылығының атынан алғыс хатпен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, 13 ақпан күні таңертең Петропавл мектебінде төтенше жағдай орын алды. 9-сынып оқушысы балтамен үш оқушыға дене жарақатын салды. Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды. Полиция мен дәрігерлер келгенге дейін шабуылдаушы жасөспірімді екі орта мектеп оқушысы: Нұрислам мен Алдиар ұстап алып, қауіпті жағдайдың алдын алды. Қазір осы қылмыс фактісі бойынша тергеушілер істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Ұлдар мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаева мен Айман Нұртаеваға алғыс хат пен сыйлықтарды СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыс етті. Қ.Айтбаев әрбір ересек адам қажетті шараларды жедел жағдайда қабылдай ала бермейтінін, алайда Нұрислам мен Алдиар бірнеше секунд ішінде бағдарланғанын; осылайша өзін және басқа балаларды қауіп-қатерден қорғағанын атап өтті.
Бұл жігіттердің алғашқы марапаты емес. Бұған дейін оларды мектеп жиналысында көтермелеген, сондай-ақ олардың батылдығын Қорғаныс министрлігінің өкілдері атап өтті.
Айта кетерлік жайт, екі бала да өзін-өзі дамытумен, спортпен шұғылданады. Болашақ мамандықты әлі таңдамаған. Бірақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларға погондағы қызметті таңдаудың артықшылығына мұқият назар аударуға кеңес берді.