СҚО-да өндіріс цехындағы қондырғының ұрлығы ашылды
Солтүстік Қазақстан облысында өндіріс цехындағы қондырғының ұрлығы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Желтоқсан айының ортасында «Дизель» ЖШС директоры белгісіз қылмыскердің Қызылжар ауданы Соколовка ауылындағы өндіріс қоймасына құлпын бұзып кіргенін байқаған. Қылмыскердің бұл жерге кездейсоқ келмегенін станоктардың жоғалған құрылғылары, электрмоторы және кесілген түрлі маркалы кабель сымдары куәландырады. Оның үстіне қымбат құрылғысы бар цехқа орнатылған бейнебақылау жүйесі істен шығарылған, бейнетіркеуіш жоғалған. Кәсіпкер полицияға бірден хабарласпай, өз күшімен бейнежазбаларды қалпына келтірмекші болған. Түк шыпаған соң, ақпанның басында полицияға жүгінген. Соколовка поселкелік полиция бөлімшесінің және Қызылжар ауданының ПБ ериминалдық полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен Соколовка ауылының 1995 жылғы тұрғынын ұстады. Ол жалға алынған көрші цехта жұмыс істеп, ұрлықтан кейін көп ұзамай жұмыстан шыққан екен. Электрқұрылғыларымен жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Ауыл тұрғыны кінәсін мойындады. Қызылжар ауданы ПБ бастығының орынбасары Бахтияр Есімовтің сөзінше, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген.
Күдіктіге қатысты келуі туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Ұрланған заттардың бір бөлігі алынды.
– Қылмыстарды ашуда бейнебақылау камераларының көмегі зор. Бейнебақылау камераларын орнататын кәсіпкерлер өз мүліктерінің және қондырғыларының сақтылығын қамтамасыз етеді. Көп жағдайда бұл фактор бөтеннің мүлкін олжалауға келгендерді үркітіп жатады. Және қылмысты ашуда, кінәсін дәлелдеуде маңызды айғақ болып табылады, – деді Бахтияр Есімов.