Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да оңай олжаға кенелмек болған тұрғын алаяққа алданып қалды

СҚО-да оңай олжаға кенелмек болған тұрғын алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қалаларда таралған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы ауылдық жерлерді де қамтуда. СҚО Қызылжар ауданында «ақшаны еселеп қайтару» сынды уәдемен байланысты алдаудың алғашқы фактісі тіркелген.

Аудан орталығы Бескөлдің 35 жастағы тұрғыны тегін жарнамалар сайттарының бірінде ақшаны «айналымға» беріп, аз уақытта қомақты пайыз табуға болады деген «алдамшы» ұсынысты көзі шалған. Әйел 300 мың теңге аударған. «Девидент» түріндегі 45 мың теңгені нақты алған, ал қалған сома дүниежүзілік желіде «ұшты-күйлі» жоқ болған. Екі аптадай күткен жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған факті ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

– Бұл осындай схема бойынша жүргізілген ауданда орын алған интернет алаяқтықтың алғашқы жағдайы. Жыл басынан барлығы осы сияқты 10 қылмыс тіркелді. Оның бесеуі «банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалуы» сценарииі бойынша жүзеге асырылған. Алаяқтар банк қызметкерімін деп таныстыра отырып, адамнан пид-код немесе басқа да құпия деректерді алады да, жәбірленушіден ақшаны «қосалқы шотқа» аударуға көндіріп, иемденіп кетеді. Төрт жағдай бөтеннің атына шағын несие ресімдеумен байланысты болды – бұл бұрындары біреуге жеке құжаттарының фотосуретін жіберген адамдарда жиі орын алады. Тағы бір қылмыс интернет сатып алу кезінде алдын ала төлеммен байланысты болған: алаяқ тауарды жіберуге уәде беріп, ақшаны алған соң байланысқа шықпай қойған, – дейді Қызылжар ауданының ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.

Полицейлер «ақшаны айналымға жіберу» есебінен «желіде жедел табыс табу» деген уәделерге сенбеуді, ешкімге ешқашан банк карталарының құпия сөздерін, пин-кодтары мен cvv-кодтарын, sms-хабарламалары арқылы келетін кодтарды айтпауды ескертеді. Бөгде адамдарға өз жеке құжаттарыңыздың фотосуреттерін жіберуге болмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру