Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да оқушылар қызметте ерекше көзге түскен полицейлермен кездесті

СҚО-да оқушылар ерлігімен ерекшеленген және халықаралық спорттық іс-шарада жеңіске жеткен полицейлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекеттік марапатқа ие болған полицей өз тәжірибелері жайлы жоғары сынып оқушыларымен бөлісіп, жұмыстары жайлы айтып берді. Кездесу СҚО полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ұйымдастырумен кәсіби бағыт-бағдар беру жұмысы аясында Тайынша қаласында өтті.

Дубайда өткен The UAE SWAT Challenge – 2025 арнайы мақсаттағы халықаралық жарыста "Tomiris" командасының құрамында екінші орынға ие болған ЖҚАЖ қызметкері Татьяна Долбышеваға ерекше қызығушылық танытты. "Динамо" спорт қоғамының мүшесі оқушыларға қызметтің қыр-сырын айтып, полиция қатарына қызметке шақырды.

Сонымен қатар жастардың алдында ерлігі үшін марапатқа ие болған офицерлер де сөз алды. Ақыл Байтеңізов пен Жасұлан Бағжанұлы 2024 жылы су тасқыны кезінде жанқиярлық әрекеттері үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. "Жауынгерлік ерлігі үшін" марапатына ие болған учаскелік инспектор Виктория Вьюшкина өзінің шағын өмірбаянымен бөлісіп, оқушы кезінде мамандық таңдауда қателеспегенін, өзінің шешімімен мақтанатынын айтып бөлісті.

Кездесу басталмас бұрын облыстық полиция ведомствосы музейінің көрмесі, қару-жарақ, жауынгерлік жабдықтар, арнайы құралдар көрсетіліп, ішкі істер органдарына деген қызығушылықты арттырды. Облыстық полицияның мәдени орталығының күшімен дайындаған концерт ерекше көңіл-күй сыйлап, кездесуге әсер берді.

СҚО ПД ТКЖБ Руслан Тасимов полицияға жұмысқа орналасу мәселесімен жергілікті жердегі полиция бөліміне және Петропавл қаласында Алматы көшесі, 55 мекенжайына немесе 8 (7152) 612-612 телефоны арқылы хабарласып ақпарат алуға болатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру