СҚО-да өрттен тұрғынды құтқарып қалған полицейлердің ата-аналары марапатталды
СҚО-да өрттен тұрғынды құтқарып қалған полицейлердің ата-аналары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полициясы Республика күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырды. Іс-шара Петропавлдағы Жастар сарайында өтті. Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов ПД аппараты мен аумақтық бөлімшелерінің 30-ға жуық қызметкерін, полиция ардагерлерін, қоғам қайраткерлерін және полиция қызметкерлерінің ата-аналарын марапаттады.
Үш қызметкерге мерзімінен бұрын кезекті арнаулы атақтар, тағы үш қызметкерге атқаратын лауазымынан бір саты жоғары атақтар берілді. Бірқатар полицейлерге «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдары және «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілері табысталды. Бес қызметкер министрдің грамотасымен және алғыс хаттарымен, біреуі облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар 12 адам СҚО ПД бастығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының оқу ротасының және 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бар, олар полиция қызметкерлерімен бірге облыс орталығының көшелерінде құқықтық тәртіпті қорғауға үнемі қатысады.
Сондай-ақ ұлдарын отансүйгіштік және борышқа адалдық рухында тәрбиелегені үшін Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Ерлан Тайланов пен Саната Еменалинның ата-аналарына алғыс хаттар табысталды. Шамамен екі апта бұрын олар Жұмысшы кентінде өртті байқап қалып, туындаған қиын жағдайларға қарамастан, бір адамды өрттен құтқарып қалған болатын.
Полиция генерал-майоры Қабдұлдинов атап өткендей, қоғам полицейлерге жоғары талаптар қояды. Сенімге ие болу және оны тиісті деңгейде ұстау, әр адамның мәселелеріне жауапкершілікпен қарау, назар аудару және жауап беру арқылы ғана мүмкін болады.