Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да патрульдік полицейлер алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдірді

СҚО-да полицейлерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол-көлік оқиғасы, өрт немесе судағы жазатайым жағдайлар кезінде патрульдік полиция қызметкерлері шұғыл түрде оқиға орнына жетеді. Мұндай сәттерде зардап шеккен адамның өмірі көбіне олардың жедел әрі дұрыс әрекет етуіне тікелей байланысты. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік қызметкерлерге арналған практикалық сабақ ұйымдастырды. Сабақ облыстық жедел медициналық жәрдем орталығында өтті.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы манекендерде тыныс алуы тоқтаған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын пысықтады. Сабақты орталық директорының орынбасары Владимир Жужгов өткізді. Оның айтуынша, қауіпті жағдайларда — жүрек талмасынан бастап суға бату деректеріне дейін — адамдарды құтқару жағдайларының шамамен жартысы сол сәтте жанында болған жандардың дұрыс әрекетіне байланысты. Жасанды тыныс алу әдістерін меңгерген адам жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін зардап шегушінің өмірін сақтап қала алады.

Мұндай практикалық сабақтар патрульдік полиция қызметкерлерінің төтенше жағдайларда жедел әрі сауатты әрекет ету қабілетін арттырады. Бұл өз кезегінде зардап шеккен азаматтардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру