Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да патрульдік полицейлер үйі өртенген ауыл тұрғындарына көмек көрсетті

СҚО-да патрульдік полицейлер үйі өртенген ауыл тұрғындарына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2 ақпанға қараған түні СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Дияр Егізбаев және Владимир Цыборт Аққайың аумағындағы «Нұр-Сұлтан-Петропавл» жолында қызмет көрсеткен. Тәртіп сақшылары шамамен таңғы сағат 4-те қарсы бағытта жарығымен белгі беріп келе жатқан көлікті байқайды. Көлік жүргізушісі полицейлерге Астраханка а. маңында түтіннің шығып жатқанын көргені туралы жеткізген. Патрульдік полицейлер оқиға орнына бет алып, өрт сөндіру қызметін шақырады. Жолдың арғы жағында орналасқан Қаратамар а. шетіндегі бір үй өртенген екен. Өрт шатыр мен веранданы жалмаған. Тәртіп сақшылары терезелерді бұзып, үй ішіндегі адамдарды шақырған. Алайда, ешкім жауап бермеген. Күтпеген жерден шыққан өрттен отбасы үйдің сыртына жүгіріп шыққан.

– Бізге баласымен ерлі-зайыптылар келді, – деді полиция старшинасы Цыборт. – Қарда жеңіл аяқ киіммен жүрген ер адам маған ұстай тұруға оралған матаны берді. Бастапқыда жиюға үлгерген киімдері деп ойладым. Қолымда сәбиді көргенде, шошып кеттім. Біз оларды патрульдік көлікке отырғыздық.

Өрт сөндірушілер келген соң, полицейлер отбасыны туыстарының үйіне жеткізген.

– Ол кезде мүлік туралы ешкім ойлаған жоқ, біздің қызметкерлеріміз өрт сөндірушілерді шақырған, жанып жатқан үйде ешкімнің қалып қоймағанына көз жеткізіп, алғашқы қиын сәтте құтқарылғандарға қамқорлық көрсеткен, – деді СҚО ПД ППБ бастығы Ерлан Мәдиев. – Сол күні батальон қызметкерлері үйі өртенген отбасыға өз бастамаларымен заттарды жинастырды. Адамдарға көмектесу – кезекшілікке шығатын экипаждарға берілетін жай ғана нұсқау емес, бұл полицейлердің, өрт сөндірушілердің тағы басқа жедел ден қою қызметтерінің басты жұмыс мақсаты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру