Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер аңшыларға қаруды қауіпсіз пайдалану туралы ескертуде

СҚО-да полицейлер аңшыларға қаруды қауіпсіз пайдалану туралы ескертуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Басты назарда – қауіпсіздік. Солтүстік Қазақстан облысында жылы күндер келісімен полицейлер қаруды қауіпсіз пайдалану ережелерін тағы да еске салу үшін аңшылармен бірқатар кездесулер өткізуді бастады. Алғашқы кездесу Мамлют ауданында өтті.

Аңшылық оқыс оқиғамен аяқталмауы үшін белгіленген ережелерді қатаң сақтау қажет: қаруды оқталмаған күйінде, арнайы қапқа салынған қалпында тасымалдау керек, қару иесі өзімен бірге рұқсат құжаттарын алып жүруі тиіс. Сондай-ақ полицейлер сақтау ережелерін қатаң ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Қару сейфін дабыл белгісімен жабдықтау керек, онда бөгде заттар мен құнды бұйымдарды, қаражаттарды сақтауға тыйым салынады.

Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары әуесқой аңшылардан 21 сәуірде заңсыз сақталған қаруды ақылы тапсыру акциясының басталатыны туралы ақпаратты жерлестеріне таратуды сұрады. Тіркелмеген қару туралы полицияға өз еркімен хабарлаған тұлға, қарудың санатына байланысты өтемақы алуы мүмкін.

Полицейлер тіркелмеген қаруды тек өз еркімен тапсыру ғана оның заңсыз сақталуы үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын еске салады.

Аталмыш кездесуде тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық қаупі туралы да еске салды, аңшыларды бұл туралы таныстары мен туыстарына хабарлауға шақырды, қаскөйлер қандай аңыз ойлап тапса да, әрқашан ұялы телефонға келген sms-хабарламадағы кодты немесе телефонға бейтаныс қосымшаны орнатуды талап етеді.

Бүгінде СҚО-да 6846 қару иесі бар. Полицейлер мұндай кездесулерді облыстың әр ауданында өткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру