СҚО-да полицейлер аңшылықпен айналысатын тұрғындарды тексеріп жатыр
СҚО-да полицейлер аңшылықпен айналысатын тұрғындарды тексеріп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қару иелерін тексеруді бастады. Бұл жұмыс “Мерген” жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілуде. Мақсат — атыс қаруын қолданумен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу.
Тексеру барысында полицейлер аңшылардың жиі жіберетін қателіктерін анықтауда. Әдетте қаруды қайта тіркеу мерзімін өткізіп алу және сақтау ережесін бұзу кездеседі. Мысалы, кейбір азаматтар сейфке қарумен бірге ақша, құнды заттар және құжаттарды салып қояды. Биылғы жылдың басынан бері тексеру кезінде осындай 273 құқық бұзушылық анықталған.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары заңсыз сақталған қаруды анықтауға да ерекше көңіл бөлуде. Полицейлер ескертеді: тіркелмеген қаруды ерікті түрде полицияға тапсырған жағдайда, егер өзге құқық бұзушылық белгілері болмаса, иесі қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Жыл басынан бері облыста тәртіп сақшылары 69 заңсыз сақталған атыс қаруын тәркіледі.