СҚО-да полицейлер азаматтарға заңнамадағы өзгерістерді түсіндіріп жатыр
СҚО-да полицейлер азаматтарға заңнамадағы өзгерістерді түсіндіріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары ақпараттық жұмысты ірі еңбек ұжымдарында жүргізуден бастады. «Прогресс» ЖШС тігін фабрикасында 60-тан астам жұмысшы еңбек етеді, көпшілігі – балалары бар әйелдер мен жас қыздар. Полицейлер Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп, оларға 1 қаңтардан бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық кодексінің өзгерістері туралы айтты.
ҚР ҚК-нің 297-бабында есірткі жасырушылар үшін қылмыстық жауапкершілік жеңілдетілді, яғни бас бостандығынан айыру мерзімі 5 жылдан 8 жылға дейін болмақ, қылмыс қайталап жасалған жағдайда жаза 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге артады.
Бірақ есірткі өндірушілер мен оларды өткізуді ұйымдастырушылар ҚР Қылмыстық кодексінің жаңа 297-1-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру» бойынша жауапкершілікке тартылады. 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Сондай-ақ прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тиісті өзгерістер ҚР ҚК-нің 301-бабына енгізілді.
– Естеріңізде болсын және балаларыңызға да түсіндіріңіздер: есірткі тек қабылдаушылардың ғана емес, таратушылардың да өміріне балта шабады. Қылмыстық жауапкершілік мерзімі жеңілдетілгенімен, қылмыстың аты – қалмыс. Ал қылмыс қайталанған жағдайда адамның барлық жастық шағы темір тордың арғы жағында өтеді. Балаларыңызбен сөйлесіп отырыңыздар, олардың мінезіндегі өзгерістерге назар аударыңыздар, олардың қараусыз жүруіне жол бермеңіздер, – дейді полиция қызметкерлері.
Өткен жылы СҚО-да есірткі таратқаны үшін 67 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 55-і – 25-ке дейінгі жастар.