СҚО-да полицейлер босанғалы жатқан ананы перинаталдық орталыққа жеткізуге көмектесті
СҚО-да полицейлер босанғалы жатқан ананы перинаталдық орталыққа жеткізуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 қыркүйек күні таңертең Аққайың ауданының тұрғыны жұбайы мен акушерді мінгізіп алып, автокөлігімен Петропавлдағы облыстық перинаталдық орталыққа шыққан. Уақыт санаулы болды, әрі таңертеңгі кептеліс те жол үстінде қозғалуға қиындық туғызды. “Оңтүстік” бекетіне келгенде акушер-гинеколог полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Александр Авдонин мен Мирас Омаров дереу автокөліктің алдына түсіп, босанғалы жатқан ананы орталыққа уақытылы жеткізуге көмектесті.
Бірнеше күн өткен соң нәрестенің әкесі облыстық полиция департаментіне хат жазып, алғысын білдірді.
– Жол полициясының қызметкерлері А.Авдонинге, М.Омаровқа және Аққайың аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы А.Галимоваға алғысымды айтамын. Полиция қызметкері А.Авдонин акушер-гинекологтың өтінішін тыңдап, жедел әрекет етуге көшті, бізді перинаталдық орталыққа жеткізіп, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне жағдай жасады. М.Омаров оның орнында қалды. Шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Осындай қиын сәтте көмекке мұқтаж адамдар үшін сіздердің жұмыстарыңыздың маңызы зор, – делінген жазбада.