СҚО-да полицейлер, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері рейд жүргізді
СҚО-да полицейлер, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша рейдтерді жандандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спирттік ішімдіктерді ішудің салдары бұзақылықтар, жанжалдар, көлік апаттары секілді оқиғаларға алып келеді. Ащы суды асыра сілтеген адам қылмыстың құрбаны ғана емес, өзі де қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Петропавл қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Жуырда құрамында полицейлер мен еріктілер бар облыс әкімдігінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық тобы қаланың орталық бөлігінде рейдтік іс-шара жүргізді. Учаскелік инспекторлар мен еріктілер топтарға бөлініп, азық-түлік дүкендеріне бас сұқты. Сатушыларға арнайы жадынамалар таратылып, әкімшілік заңнаманың бұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілікті туралы ескертілді. Кәмелетке толмағандарға темекі өнімдері мен алкогольді сатуға, сондай-ақ тәуліктің түнгі уақытында спирттік ішімдіктерді сатуға жол бермеуге назар аударылды.
Петропавл қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садуловтың айтуынша, жыл басынан полиция қызметкерлерімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) және 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды)жүзеге асыру) бойынша 110 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді; 36 лицензияның жұмысы тоқтатылды. Осыған байланысты еріктілермен бірлескен тәртіп сақшылары алкогольдік өнімдерді сатумен айналысуда құқық бұзушылықтарға жол бермес үшін жеке кәсіпкерлерге арналған акция өткізіп жатыр.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мас күйде жасалған 500-ге тарта қылмыс тіркелді. Өңір жолдарында мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды.