СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы фильмді түсіруге атсалысқан студенттерді марапаттады
СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы фильмді түсіруге атсалысқан студенттерді марапаттады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар есірткі қылмысына кіріп кетпеу үшін полицейлер алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Кеше “Жасөспірім” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшылары Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бастамашылық білдірген “Есірткі жасырушылар. Жаза” деректі фильмінің түсіріліміне қатысқан студенттер марапатталды. Оған түскен жасөспірімдерге және колледж басшылығына полицейлер алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Тәртіп сақшылары жыл басынан облыста заңсыз айналымнан 27 келіден астам есірткі, оның ішінде 2,5 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі. Көкшетау мен Астана қалаларынан “синтетиканы” жеткізудің 3 тұрақты арнаның жолы кесілді.
Кездесуге прокуратура қызметкерлері мен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі, блогер және журналист Руфия Мұстафина қатысты. Олар полициямен бірге жастарды нашақорлыққа берілмеуге немесе есірткі бизнесіне қатыспауға, өз тағдырларын бұзбауға шақырды.
Полицейлер жастарды салауатты және белсенді өмір салтын ұстануға, “Заң мен Тәртіп” идеясын құрметтеуге шақырды.