СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы күресті күшейтті
СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы күресті күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда есірткі таратушылар жастарды өз торына түсіру үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Сол себепті Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер әлеуметтік желілерде әртүрлі форматтағы бейнематериалдарды жариялап, кең аудиторияны қамтуға тырысып жатыр.
Полиция қызметкерлерінің үндеулері, нарколог кеңестері, нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшелерінен сергітетін бейнежолдаулар — #упндпско #наркоправда #курьерправда #скправда #мяуправда хэштегтерімен жарияланған видеолар ата-аналар мен жасөспірімдерге пайдалы болмақ.
Эмоциялық әсері ең күшті бейнеролик — психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатқан есірткіге тәуелді азаматпен сұхбаттың үзіндісі. Полиция бұл материалды "Әр адам естуге тиіс оқиға" деп атады. Бұл — ауыр зардаптар мен өкінішке толы шынайы өмір тарихы.
— Мен есірткіні достарымның ортасында алғаш рет татып көрдім. Басында ешқандай қауіп жоқ сияқты көрінді, бірақ үш жыл бойы есірткіге тәуелді болған соң, өмірім тозаққа айналды. Туыстарымның сенімін жоғалттым, жақындарыммен байланыс үзілді, денсаулығымды құрттым. Достарымның кейбірі артық дозадан көз жұмғанын өз көзіммен көрдім, — деді азамат.
Қазір оның арманы – өз өмірінің тізгінін қайта қолға алу.
— Есірткіні мүлде байқап көрмеу керек, өйткені ол еркіндік емес, керісінше есірткі еркіндікті тартып алады. Ешқашан татып көрмеңіздер! Ешнәрсе отбасыңыздан, достарыңыздан және өзіңізден айырылуға татымайды, — деді.
Сонымен қатар полицейлер есірткінің заңсыз айналымын анықтау және оны жеткізу арналарын жою бойынша жедел жұмыстарды жалғастыруда. Қылмыстардың алдын алу, ағарту және қоғамдық тәртіпті сақтау – "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының басты қағидаттары.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 242 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелді, оның 120-сы – өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 780 келі түрлі есірткі заты, соның ішінде шамамен 5 келі "синтетика" тәркіленді.
