Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер фишингтің қауіптілігі туралы ескертеді

СҚО-да полицейлер фишингтің қауіптілігі туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі алаяқтардың азаматтардың құпия деректерін заңсыз иемденуінен басталады. Мұндай әрекеттерде жиі қолданылатын әдістердің бірі - фишинг. Бұл пайдаланушыны алдау арқылы оның құрылғысына зиянды бағдарламаларды енгізуге немесе жеке деректеріне қол жеткізуге бағытталған айла-тәсілдер жиынтығы.

Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда, "тартымды" сілтемелер, pdf форматындағы құттықтау ашықхаттар, "мынау сен емес пе?" деген мәтінмен жіберілетін apk файлдар кеңінен таралған. Осындай күмәнді сілтемелерге өту немесе файлдарды ашу арқылы қаскөйлер банк шоттарына қол жеткізіп, жеке деректерді иемденуі мүмкін.

Фишингтік шабуылдар мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлеріне бағытталған жағдайда қауіп деңгейі одан әрі арта түседі. Мәселен, Петропавл қаласында алаяқтар алдын ала емхана атынан хабарласып, SMS арқылы жіберілген "кезек нөмірін" айтуды сұраған. Кейін "банктен қоңырау шалу" схемасын іске қосып, жәбірленушіге бөгде адамдар оның есепшотына қол жеткізгенін айтып, жинаған қаражатын "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген. Нәтижесінде қала тұрғыны 1,2 млн теңгеден айырылды.

Тағы бір жағдайда Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінің директорының ұялы телефонына зиянды вирус енген. Алаяқтар оның WhatsApp мессенджеріндегі аккаунтын көшіріп, байланыс тізімін пайдалана отырып, педагогикалық ұжымға жалған хабарламалар жіберген. Хабарламада "жаңа нөмір" екені айтылып, мектеп қажеттілігі үшін шұғыл түрде ақша аудару сұралған. Алайда хабарламалар директор ұжыммен бірге жиналыста отырған сәтте жіберілгендіктен, алаяқтық дер кезінде әшкереленді.

Полиция қызметкерлері азаматтарды сақ болуға шақырады. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, шығу тегі белгісіз файлдарды жүктемеу, ал ақша аудару туралы өтініштер түскен жағдайда, ақпараттың шынайылығын тікелей байланыс арқылы міндетті түрде тексеру қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру