СҚО-да полицейлер интернет-алаяқтықтың қаупі туралы жұмысшыларға айтып жатыр
СҚО-да полицейлер интернет-алаяқтықтың қаупі туралы жұмысшыларға айтып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 50-ден астам фактісі тіркелді. Көбінесе жұмысшы мамандықтарының өкілдері қаскөйлердің құрбаны болған. Сондықтан полиция қызметкерлері еңбек ұжымдарына арналған түсіндіру сипатындағы алғашқы кездесулердің бірін "Мұнаймаш" АҚ-ның зауытында өткізді.
Полиция қызметкерлері жұмысшыларды желілік алаяқтықтың жаңа схемалары жайлы құлағдар етті. Қылмыскерлер әртүрлі ұйымдардың (медициналық, байланыс, коммуналдық қызметтер, құқық қорғау органдары және т.б.) атынан қоңырау шалады. Адамнан SMS арқылы келген кодты біліп алу үшін кез келген сылтау айтып, сендіруге тырысады. Содан кейін бірден "банктен қоңырау шалу" әдісі қолданылады, оның мақсаты – жәбірленушіні үлкен несие алуға мәжбүрлеу және ақшаны "қауіпсіз шотқа" салу. Бұл шоттағы қаражат алаяқтардың қалтасына түседі.
ҚР ІІМ жариялаған "Полиция заң мен тәртіп күзетінде" профилактика жылы аясында СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жалпы ахуалға талдау жасап, түсіндіру жұмыстарын жоспарлайды, түзетулер енгізеді. Енді әлеуметтік желілерден киберқылмыстар туралы ескертетін материалдарды көруге уақыты аз жұмысшыларға баса назар аударылады. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғаспақ.