СҚО-да полицейлер кең таралған интернет-алаяқтық жайлы ескертеді
СҚО-да полицейлер кең таралған интернет-алаяқтық жайлы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Сіздің атыңызға сәлемдеме келді. Аласыз ба?" — Солтүстік Қазақстан тұрғындары бейтаныс нөмірден қоңырау түскенде жиі еститін сөздердің бірі. Қоңырау шалған адам сенімдірек болу үшін аты-жөніңізді атап, тіпті жеке деректеріңізді айтуы мүмкін. Дегенмен, мұндай қоңырауларға сену — қауіпті, өйткені бұл соңғы уақытта кең етек жайған алаяқтық тәсілдерінің бірі.
Интернет-алаяқтар "сәлемдемені" міндетті түрде алуыңыз керектігін айтып, оны сақтағаны үшін күн сайын ақы талап ететіндерін алға тартады. Адам келіссе де, бас тартса да, олар SMS арқылы келген кодты айтуын сұрайды. Бұл — алаяқтықтың айқын белгісі.
Кейіннен "банктен қоңырау" түсуі мүмкін: "Сіз жаңа ғана SMS-тен келген төрт таңбалы растау кодын айттыңыз ба? Қазір алаяқтар атыңызға несие рәсімдеп жатыр. Бұған жол бермеу үшін, өзіңіз де дәл сондай сомада “айна” несие рәсімдеп, ақшаны “қауіпсіз” шотқа салыңыз. Сонда алғашқы өтінім жойылады…". Егер адам сеніп, бұл қадамға барса, оның қаржысы киберқылмыскерлердің қалтасына түседі.
СҚО полиция департаментінің дерегінше, "банктен қоңыраулар" интернет-алаяқтық оқиғаларының жартысынан астамын құрайды. Ал олардың шамамен жартысы "поштадан қоңырау шалудан" басталады.
Полиция өкілдері өңір тұрғындарын барынша қырағы болуға шақырады. Ресми ұйым қызметкерлері ешқашан құпия деректерді телефон арқылы сұрамайды және азаматтарды қаржылық операциялар жасауға мәжбүрлемейді.