СҚО-да полицейлер мен дәрігерлер аязда үсіп қала жаздаған ер адамды аман алып қалды
СҚО-да полицейлер мен дәрігерлер ер адамды аман алып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында полиция қызметкерлері мен медицина мамандарының жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында 30 градус аязда үсіп қала жаздаған ер адам аман қалды.
18 қаңтар күні таңертең Мамлют аудандық полиция бөлімінің кезекшісі Азамат Қаскенов бейнебақылау камералары арқылы Мамлютка қалашығындағы Жұмысшы кенті маңындағы батпақты аумақта күдікті қозғалысты байқайды. Ол бұл туралы дереу учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Қайырбек Мұстафинге хабар берген.
Хабарламаны тексеру барысында Қайырбек Мұстафин көлік жете алатын жерден шамамен 400 метр қашықтықта, қалың қардың арасында алкогольдік мас күйде үсіп бара жатқан ер адамды анықтады. Ол дереу әріптесі Ердаулет Төлебаевты және жедел жәрдем бригадасын шақырған.
Құтқару жұмыстары күрделі жағдайда өтті: кей тұстарда қар тізеге дейін жеткен. Алайда полиция қызметкерлері мен медицина мамандарының бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде ер адам қар құрсауынан шығарылды. Бұған дейін арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет атқарған Қайырбек Мұстафиннің жақсы физикалық дайындығы да маңызды рөл атқарды.
39 жастағы аудан тұрғыны, спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтынуға бейім азамат қазіргі уақытта медициналық мекемеде ем қабылдауда, жағдайы тұрақты.
Полиция қызметкерлері азаматтарды алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланбауға және қатты аяз кезінде барынша сақ болуға шақырады. Мұндай сақтық шаралары адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі екенін ескертеді.
